13 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Париждегі XVII Жазғы Паралимпиадада волейболды отырып ойнаудан Қазақстанның Ұлттық құрамасында өнер көрсететін маңғыстаулық Ерболат Алтаев және жаттықтырушы Құралбек Сейдовпен кездесіп, сәттілік тіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Олимпиада – бұл тек қана спорттық жарыс емес, бұл елдің беделі мен абыройы. Ұлттық құрама Париждегі Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, үздік нәтиже көрсететініне сенемін. Паралимпиадашылар - қажымас қайрат пен қайсарлықтың символы деп білеміз. Сіздерге жеңіс пен сәттілік тілеймін,- деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетсек, жолдаманы маңғыстаулық спортшылар волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы сапында Азия чемпионатында жеңіп алған болатын.
XVII жазғы «Париж-2024»Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Жарыста 23 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан спорттың 9 түрі бойынша 33 лицензия жеңіп алды: пара пауэрлифтинг (5), пара жеңіл атлетика (4), пара жүзу (4), волейболды отырып ойнау (1), пара үстел теннисі (1), пара таеквондо (4), пара каноэ (2), пара оқ ату (2) және пара дзюдо (10).