Құрық ауылының тұрғыны мектептердегі бастауыш сыныптарға бір мезгіл берілетін ас жөнінде сауал жолдаған. Желі қолданушысының айтуынша, өңірдегі бастауыш сыныптың барлық балалары ыстық тамақпен қамтылу керек, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Тұрғынның сауалына Маңғыстау облыстық білім басқармасының мамандары жауап берді.
Желі қолданушысы бастауыш сыныптардың барлық оқушыларын күніне бір реттік ыстық тамақпен қамту керектігін айтқан. Сол үшін жауаптылардан жергілікті бюджеттен қаржы бөлуді сұраған. Тұрғын басқа облыстарда бұл мәселе бір жолға қойылғанын жеткізіп, біздің өңірде де осы мәселені шешу керектігін айтты. Тұрғынның сауалына облыстық білім басқармасының маманы Раушан Мұқанова жауап берді.
-ҚР Үкіметінің 64 қаулысына монетизациялау бойынша 8.08.22 жылы өзгеріс енгізілген. Қаржы жергілікті бюджет есебінен бөлінеді. Аталған қаулыға сәйкес берілетін материалдық көмекті қазіргі таңда облысымыздың 31 мыңнан астам баласы алды. Әлі отбасының мәртебесін анықтауға өтініш берген ата-ана көп. Сондықтан, бір мезгіл берілетін ыстық тамақ үшін қосымша қаржы 2023 жылы қарастырылатын болады, дейді Раушан Мұқанова.