Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов мүмкіндігі шектеулі азаматтарға онлайн қабылдау өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылдауға 8 адам қатысты. Қала басшысымен тікелей байланысқа шыққан мүмкіндігі шектеулі тұрғындар тұрғын үй, жұмыссыздық сияқты толғандырған сұрақтарын қойды.
Мәселен, қабылдауға жазылған қала тұрғыны 2-топ мүгедегі тұрғын үймен және жұмыспен қамтуды сұрады. Қала әкімі Айбек Қосуақовтың айтуынша, ол 2020 жылы үй кезегіне тіркелген екен. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабының 1-тармағына сәйкес, тұрғын үй тізімде белгіленген кезек ретімен берілетінін айтты.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылу мәселесі бойынша Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ұлбазар Орынбаева, мәселемен хабарласқан қала тұрғыны жұмыспен қамту орталығында “жұмыссыз" ретінде тіркеуде жоқ екенін мәлімдеді. Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін, жұмыспен қамту орталығы арқылы, ақылы қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар және "Жұмыс жасаймын" жобасы аясында жұмыстарды ұсыну мүмкіншілігі бар екендігін жеткізді.
Тікелей байланыс барысында қойылған бірқатар сұрақтарға онлайн қабылдау барысында жауап берілсе, кейбір мәселенің шешілуі мен орындалу барысы қала әкімінің назарына алынды.