Маңғыстау облысында 11 125 адам қайта ревакцинациялаудан өтті. Бұл туралы mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті үйлестіру және ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Баянбердиеваның айтуынша, қазір қолданыста «Синовак вероселл», «CoronaVac», «Хаят вак» вакциналары бар.
- Ревакцинациядан 112 111 адам өткен. Қайта ревакцинациялаудан – 11125 адам өтті. Соңғы тәулікте I компонент – 73, II компонент – 162, ревакцинация – 434, қайта ревакцинациялаудан – 155 адам егілді. Жалпы, осы күнге дейін екпенің 1 компонентімен 283051 адам, ал 2 компонентімен 278 369 адам қамтылды, - деді Айгүл Баянбердиева.
Сонымен қатар, брифингте өңірдегі вакцинациямен қатар эпидахуал айтылды.
-Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Маңғыстау облысы жасыл аймақта орналасқан. Қыркүйек айының бастапқы екі аптасында 14 жағдай тіркелді. Бүгінгі күні олардың саны 6 адамға дейін азайған. Салыстырмалы түрде алып қарағанда 2,3 есеге түскен. Жалпы облыс бойынша инфекция жұқтыру жағдайлары төмендеп келеді, - деді Айгүл Баянбердиева.