Маңғыстау облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полиция тобы ағымдағы жылдың сегіз айында жасалған жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзу бойынша 39 дерек тіркелген. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 339-бабы (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша – 30 қылмыс, ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) дерегіне сай жеті қылмыс тіркелді. Сонымен қатар, қару, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру, яғни ҚР ҚК-нің 287-бабы бір дерек анықталды.
Сондай-ақ, аталған мерзім ішінде 241 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтатын болсақ, ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) – 74, ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы (Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) – 76, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша – 81, ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (Қоғамдық орынды ластау) бойынша – бес, ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша бес құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік хаттамалар жасақталды.
Аталған іс-шара кезінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзған тұрғындардан барлығы 1 775 келі балық тәркіленді, оның ішінде 1 729 келісі бекіре тұқымдас балықтар.