Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопанов Президенттің жолдауы аясындағы «Әлеуметтік кодекс» жобасын түсіндірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.
Оның ішінде жастар, аналар, зейнеткерлер, көші-қон бойынша жүзеге асатын шараларды айтты.
Мәселен, жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5%-дан жеңілдетілген шағын несие берілмек.
Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу жоспарланып отыр. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артатын болады.
-Базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, барлық 2 млн. зейнеткерді қамтиды. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге (3 жыл ішінде – 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдайды,-деді Әсет Шопанов.
Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыру 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтатылады.
Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылатынын атап өтті.
Ең төменгі жалақы өскен жағдайда бұл деңгейде жалақы алатын 1,8 млн. адамды тікелей қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жолдауда айтылған тағы бір қадам - бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұлғайту.
Осы ретте, аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. Оған қоса, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Бұл төлем бүгінде МӘСҚ-ға аударымдар жүргізілген табыстың 40%-ын құрайды.
Ал жұмыс істемейтін немесе бала туылғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге тек мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады.
-Бүгінде, бала күтімін атқаратын ата-ана еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала күтіміне төленетін жәрдемақы тоқтатылуға қажет. Жаңа кодекс бойынша осы санаттағы отбасыларды қолдау үшін төлемдер тоқтатылмайды және республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшеріне сәйкес төленеді,-деді Әсет Шопанов.
Сонымен қатар, брифингте жұмысшылардың жағдайы мен көші-қон қызметінде жасалатын шаралар да аталып өтті.