«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы SMS-хабарлама арқылы 45 мемлекеттік қызметтің нәтижесі туралы хабарлайтын жаңа сервисті іске қосты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ХҚО баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Сервис әлеуметтік төлемдер, жер қатынастары, еңбек мигранттарына рұқсат құжаттарын беру, мектепке дейінгі ұйымдар және азаматтық хал актілерін рәсімдеу желілерін қамтиды.
Тізімге енген мемлекеттік қызметтердің арасында бала тууы және оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, баланы мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою, асыраушысынан айырылған жағдайдағы жәрдемақы тағайындау, еңбек мигранттары рұқсатын рәсімдеу немесе ұзарту және спорттық атақтар беру сынды мемлекеттік қызметтер бар.
«Бұрын клиент осындай қызметтер бойынша ХҚО-ға келіп, қызметті ресімдеу үшін өтінім беріп, дайын құжатты алар кезде қолхат алатын. Содан кейін ол қажетті құжатты алу үшін қайтадан келуге мәжбүр болды. Біздің жаңа сервисіміз ХҚО-ға екінші рет бару қажетін жоққа шығарады. Бұл қалай десеңіздер, клиентке сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді, ол арқылы дайын құжатты жүктеуге және қажет болған жағдайда оны басып шығаруға болады. Бұл жүйе клиенттердің уақытын едәуір үнемдейтіні сөзсіз», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Дыбыспаев.
Жаңа сервис бойынша қолжетімді мемлекеттік қызметтердің толық тізімімен Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында танысуға болады.