10 қыркүйек күні Өзбекстанның Ақтау қаласындағы Бас консулдығында Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 31 жылдығына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара басында Бас консул Атабек Тұрсынбеков қонақтар мен жерлестерді Өзбекстан тәуелсіздігінің 31 жылдығымен құттықтап, Президент Шавкат Мирзиеевтің басшылығымен барлық сала бойынша орындалып жатқан ауқымды реформалар туралы хабардар етті. Сондай-ақ Өзбекстанның 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясын ерекше атап өтті.
Ал Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын, өңірлер арасындағы тікелей байланыстардың маңызды рөл атқаратынын айтты. Ол сөз барысында Өзбекстан халқын республика тәуелсіздігінің 31 жылдығымен құттықтап, бауырлас елге бейбітшілік пен гүлдену тіледі.
Ресми бөлімнен кейін қонақтар өзбектің ұлттық тағамы – палаудан дәм татты.
Айта кетейік, Әзербайжан, Иран, Түрікменстан және Түркияның Ақтау қаласындағы Бас консулдықтарының басшылары, мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ «Пахтакор» өзбек этно-мәдени бірлестігінің белсенділері қатысты.