Бүгін алғаш рет Жетібай ауылдық ауруханасында 11 жастағы қызға заман талабына сай лапароскопиялық әдіспен ота жасалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл ауылдық аурухана үшін үлкен жаңалық. Себебі бұған дейін жедел аппендицит, жедел асқазан жарасынан қан кету, жатырдан тыс жүктілік, кіндік және шап жарығына операциялар кесу әдісімен жедел және жоспарлы түрде жасалған. Бүгіннен бастап лапароскопиялық ота жасау қолға алынды.
- Лапароскопиялық хирургия – науқастың ішкі ағзасына отаны тілік жасамай-ақ орындайтын хирургия әдісі. Бұл тәсілмен ота жасалған емделуші бір-екі күн ішінде аяққа тұрып кету мүмкіндік жоғары, - дейді Жетібай ауылдық аурухана директорының м.а Қыдырбек Серікбайұлы.
- Науқас қабылдау бөліміне іш ауырсынуы, оң жақ мықын аймағының ауырсыну белгілерімен келіп түсті. Жағдайын тексеріп, лабораториялық зерттеу нәтижесінен кейін жедел аппендицит диагнозы нақтыланды. Науқастың ата-анасынан келісім алынып, лапароскопиялық әдіспен жедел түрде ота жасалды. Қазір жағдайы қалыпты. Хирургия бөлімінде емін жалғастырып жатыр, - деді Жетібай ауылдық ауруханасының хирург-дәрігері Жамбыл Хасан.