Қиын жағдайға, психикалық дағдарысқа немесе күйзеліске тап болған облыс тұрғындары енді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының психологтарынан кеңес ала алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстық аурухананың баспасөз қызметінің айтуынша, мамандардың басты міндеті - ауыр психикалық жағдайлардың алдын алу, оны болдырмау. Яғни, психологтар күйзеліске, мазасыздыққа түскен тұрғындардың жан жарасын жазуға, психологиялық мәселелерін шешуге көмек көрсетеді.
Кеңсе ашық түстермен безендірілген, тыныштық пен әңгімелесуге қолайлы, ыңғайлы жиһазбен жабдықталған. Қабылдауды білікті психолог, денсаулық сақтау саласында 15 жыл тәжірибесі бар тәжірибелі маман Мұстафина Маржан Сұлтанқызы мен Аяпова Бағдат Амантайқызы жүргізеді.
— Қоғамда мазасыздық деңгейі соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өскен. Әсіресе қиын өмірлік жағдайдағы адамдарға ауыртпашылықты жеңу қиын. Сондықтан кеңсемізді жабдықтау кезінде сөйлесуге және демалуға қолайлы атмосфераны құруға тырыстық. Мазасыздық пен обсессивті күйі бар адамдар, сондай-ақ жай сөйлесуді қажет ететіндер бізге хабарласа алады», - деді Маржан Сұлтанқызы.
Психологтар күн сайын сағат 9:30-дан 16:00-ге дейін қабылдайды. Қабылдауға алдын ала жазылу үшін 8 (7292) 210 317 телефон нөміріне хабарласу қажет.