Қызылсай ауылындағы С.Бегендікұлы атындағы 4 орта мектебін 1977 жылы бітірген Достай Раманқұлов бүкіл қазақтың мақтанышы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
БҰҰ атом энергиясы жөніндегі агенттігі - МАГАТЭ ұжымының бас директоры Мухаммед Әл-Барадей бастаған 11 адамы Халықаралық Нобель сыйлығымен марапатталған болатын. Олардың құрамында Қызылсай орта мектебінің түлегі Достай Раманқұлов та бар.
Жаңаөзен қаласы 55 жылдығына орай, туған жерді түлеткен дарынды адамдарды жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында бүгін Достай Раманқұлов туралы айтпақпыз.
Достай Қазақстан Республикасы Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі және «Қазатомэнергопром» Ұлттық Атом компанияларында қызмет еткен. Кейін халықаралық МАГАТЭ ұйымының жауапты қызметкері болып тағайындалады. МАГАТЭ ұйымы мен оның бас директоры Мұхаммед әл-Барадей Нобель сыйлығының 2005 жылғы лауреаты атанған кезде, МАГАТЭ атынан марапатқа лайық деп табылған 11 адамның ішінде Достай да болған.
МАГАТЭ ұйымы Атом энергиясын бейбітшілік мақсатта қолданылуын үндейді, қазіргі таңда оған 131 ел мүше. Ішінде тәуелсіз Қазақстан да бар. Халықаралық агенттікте 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал Нобель сыйлығының лауреаттығына осыншама қызметкер ішінен Достай сынды 11 кәсіби маман ғана таңдап алынған.
Ғылым, техника және басқа да салалар бойынша бір мезгілде 8 адамға дейін осы сыйлықты иемдене алады. Ал ұйымдарға берілген кезде, олардың саны артатыны белгілі. Соның барлығына «Нобель сыйлығының лауреаты» деген диплом тапсырылып, омырауына Альфред Нобельдің алтын бейнесі тағылады. Ең бастысы халықаралық сараптамаларға беделді, басты тұлға ретінде қатыстырылады.
Достай Раманқұлов 1960 жылы Түркiстан қаласында дүниеге келген. Қарапайым қазақ отбасында туылып, қазақ мектебiнде білім алған. 1977 жылы Жаңаөзендегі Қызылсай орта мектебін тәмамдаған соң Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық политехникалық университетiне оқуға түскен. Кейiн Мәскеудің жоғары оқу орындарының бірінде білімін шыңдайды. Елімізде Атом қуаты жөнінде құрылған комитетте қызмет істейді. АҚШ-тағы Қазақстан елшiлiгiнде ғылыми-техникалық кеңесшiсi болып еңбек етеді. 1998 жылдан берi МАГАТЭ ұйымында жұмыс iстейдi. Нобель сыйлығын алған тұңғыш қазақ Достай Раманқұлов бүгiнде Австрияның астанасы Венада тұрады. Жары Әлия екеуі екі ұл өсіріп, үлкені Данияр университетте, кішісі Дәурен мектепте оқиды.