ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында Денсаулық сақтау нысандары инфрақұрылымының жай-күйі туралы айтып берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Бүгінде республикада 6 мыңнан астам мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 492 аурухана және 5 695 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны халыққа медициналық көмек көрсетеді. Медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі 44,7% құрайды. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келмейді", - деді Ажар Ғиният.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Бекітілген Ұлттық жоба шеңберінде 655 МСАК объектісін салу, сондай-ақ жарақтандыру, күрделі жөндеу, реконструкциялау жолымен 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту көзделуде. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Ажар Ғиният.
Бұл ретте Маңғыстау облысында орталық аудандық аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр.