Ел өңірлерінде жанар-жағармай құю станцияларында өткізуді шектеу фактілерінің жиілеуіне байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл әрекеттер монополияға қарсы заңнаманы бұзу екендігін еске салады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Кәсіпкерлік кодекс нарыққа қатысушылардың келісілген іс-әрекеттеріне және басым компаниялардың тауарды өткізуден негізсіз бас тарту жөніндегі іс-әрекеттеріне тыйым салады.
Мемлекеттік органдар күн сайын жанар-жағармай құю станцияларында және сақтау базаларында мұнай өнімдерінің сатылуына мониторинг жүргізеді. Бағаның жоспарлы өсуіне қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері ЖЖМ болған кезде оларды белгіленген бағалар бойынша уақтылы өткізу міндетті.
ЖЖМ қалдық көлемі ұлғайған және оны өткізуді шектеу кезінде жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты шаралар қабылданатын болады.
Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс аясында компания табысының 5% - на дейін айыппұл салу көзделген.
Қазіргі уақытта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық органдары заңнаманы бұзу белгілерінің болуы тұрғысынан ЖЖМ өткізуді шектеу фактілерін пысықтауда.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кәсіпкерлерді бәсекелестік заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтауға және ЖЖМ-ды толық көлемде іске асыруға шақырады.
Сондай-ақ азаматтардан ЖЖМ сатудан бас тартқан жағдайларда Агенттіктің аумақтық бөлімшелеріне, ал белгіленген бағалар асып кеткен жағдайда - Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық бөлімшелеріне жүгінулерін сұрайды.