ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) нарығындағы ахуал бойынша өткен кеңесте тапсырма берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ел бойынша дизель отынының жиынтық қоры 308,56 мың тоннаны құрайды. Бұл 2023 жылғы 1 қаңтардағы қормен салыстырғанда 59 мың тоннаға артық.
Сонымен бірге, кейбір өңірлерде жекелеген жанармай құю станцияларында дизель отынын сатуда шектеулер бар.
Осыған байланысты ішкі ЖЖМ нарығын қамтамасыз ету үшін құрамына әкімдіктер, бәсекелестікті қорғау және дамыту, Мемлекеттік кірістер, Экономикалық тергеу, Табиғи монополияларды реттеу департаменттері кіретін өңірлік штабтарға ЖЖМ жасанды тапшылығын тудырмау мақсатында өңірлік мұнай базаларын комиссиялық тексеру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылып отыр.
Бұл рет құқық бұзушылық деректері болған кезде тиісті мемлекеттік органдар нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы немесе доминантты әрекеттері бойынша тергеу жүргізетін болады.