Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында «Жүрекше фибрилляциясының түрі бойынша жүрек ырғағының бұзылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараға өңірдің жоғары білікті невропатолог, кардиолог және жалпы тәжірибелік дәрігерлері қатысты.
Жүрекше фибрилляциясының ең ауыр асқынуларының бірі - инсульт. Атриальды фибрилляция кезінде жүрек ырғағы бұзылып, жиырылу жиілігі қалыпынан ауытқиды, өз кезегінде қан айдау қабілеті бұзылып, жүректе тромб түзілуіне сеп болады. Ал тромбтар қан айналымы жүйесіне әсер етіп, мидың және басқа да ағза мүшелерінің қалыпты жұмысына кері ықпалын тигізеді. Жүрек ырғағы жиі бұзылуы өмір сапасының төмендеуіне және өлім деңгейінің жоғарылауына әсер етеді.
-Бұл - бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Көптеген науқас жүрек фибрилляциясы дертіне шағымданып келеді. Жүрекшелердің фибрилляциясы инсультке сеп болуы мүмкін. Егер дер кезінде аурудың алдын алу мақсатында науқастарға антикоагулянттық терапия тағайындалмаса, ишемиялық инсульт пайда болуы мүмкін. Ауруды анықтау және алдын алу үшін неврологиялық стационардан шыққаннан кейін невропатологтар кеңесіне құлақ түру маңызды. Бұл ишемиялық инсультті болдырмау үшін қажет, - дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы кардиохирургия орталығының аға резиденті, кардиолог Әлия Байжанова.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тақырыптардың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
-Маман ретінде кәсіби машығымды жетілдіру, деректерді жаңарту мен үшін өте маңызды. Қызмет барысында көптеген сауалдар туындайды. Бұл жолғы іс-шарада мазмұнды мағлұматтар мен маңызды ақпаратқа қанықтым. Өзара тәжірибе алмасуға, білімімізді тереңдетуге және клиникалық жағдайларды талдауға мүмкіндік алдық, - дейді «Нейрон» клиникасының кардиологы Инна Колобова.
Айта кетейік, аталған шара кардиология айлығы аясында ұйымдастырылды.