Кәмелетке толмағандардың заңға бағынуын бақылау және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлерімен тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар және құқық қорғау бағытындағы акциялар ұйымдастырылып тұрады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Полиция департаментіне сілтеме бере отырып.
Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер ювеналды полиция инспекторларының назарында.
Мәселен, жыл басынан бері Маңғыстау облысында 1417 жасөспірім түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген. Оның ішінде, кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуы бойынша 56 дерек тіркелді. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес, 1294 жеткіншек түнгі мезгілде тұрғынжайдан тыс жерде болған.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандармен орын алған 65 бұзақылық дерегі тіркелді. Құқық бұзушылардың заңды өкілдері әкімшілік кодекстің 435-бабымен жауапкершілікке тартылды. Оларға тиісті мөлшерде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-тің 448-бабы, яғни жасөспірімдер арасындағы вандализм бойынша екі дерек анықталды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар ата-аналарына қатысты заңда көзделген ережелерге сай шара қабылдады.