"Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысы ПД Әкімшілік полиция қызметкерлері автомобиль жолдарына, қалалар мен аудан орталықтарының көше-жол желісіне 200-ге жуық тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Олардың нәтижелері бойынша жол-коммуналдық органдардың басшыларына автожолдарды күтіп ұстаудағы кемшіліктерді жою үшін 172 ұйғарым берілді. Жолдарда жұмыс жүргізу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларында белгіленген автожолдарды күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін Маңғыстау облысы ПД Әкімшілік полиция қызметкерлері 34 уәкілетті тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны ұйымдастыруды жақсарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау үшін жол иелері мен жергілікті атқарушы органдарға 10 ақпарат жіберілді.
Бұдан басқа, жол-көлік оқиғаларын болдырмау және алдын алу мақсатында полицейлердің ұсынысы бойынша жол учаскелерінде 421 жол белгісі орнатылып, ауыстырылды. Қалалар мен аудан орталықтарының орталық көшелерінде шамамен 17291 м2 жол сызықтары жаңартылып, сондай-ақ 9400 м2 шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді.