Пандемия тұсындағы қатаң шектеулер кезең-кезеңімен алынып, Қазақстан мен Түрікменстан елдері арасындағы құрлық шекарасы ашылысымен, атажұртқа асыққан ағайынның көші қайта түзелген еді. Дегенмен бүгінгі таңда Түрікменстаннан көшіп келген қандастар бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр,деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Құзырлы органдар тарапынан даярланған этникалық қазақтарды қабылдаудың жаңа тетіктері шеңберінде ендіден бастап Түрікменстаннан көшіп келген қандастар белгілі бір өңірге бағытталмақ. Жаңа құжатқа сәйкес аталған елден көшіп келушілер Қазақстанда тұрақтауы үшін белгілі бір аймақтың атауын көрсеткен жағдайда ғана с10 визасына қол жеткізе алады. Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, Түрікменстан мемлекетінен Маңғыстау өңіріне 17 шілде мен 8 тамыз аралығында 677 адам қоныс аударған екен. Визалық құжатына сәйкес 169 адам Ақмола облысына, 368 адам Павлодар облысына, 11 адам Абай облысына, 29 адам Шығыс Қазақстан облысына, ал 2 адам Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуға бағытталған.
«Маңғыстау өңірі қоныс аударушыларды қабылдау өңіріне жатпайды. Бүгінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақ¬стан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары Үкімет қаулысына сәйкес қандас¬тарымызды орналастыру өңірлері ретінде бекітілді. Сол себепті тұрақты тіркеу құжатына қол жеткізу, қандас мәртебесін алу және өңірлік квотаны иемдену үшін осы өңірлерге қоныстану міндеттеледі. Біз Түрікменстаннан келген қандастарымызды мәжбүрлемейміз. Жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көбі Маңғыстау облысында қалғысы келеді. Бірақ олардың шекарадан өтер кездегі визалық құжатында жоғарыда аталған өңірлер соғылған. Виза- кез келген елдің аумағына кіруге, тұруға рұқсат беретін басты заңды құжат. Сондықтан Маңғыстау өңірінде Түрікменстаннан келген қандастар ешқандай мемлекеттік қызметке жүгіне алмайды. Тиісінше балаларды балабақшалар мен мектептерге орналастыру мүмкін болмайды. Қазақстан аумағына енсек болды, сол облыста тұрақтап қаламыз деген түсінік қате. Визалық құжатта көрсетілген мәліметті өзгерту біздің құзыретімізге кірмейді. Ешкімді ағайын-тумадан ажыратқымыз келмейді. Бірақ мына жайтты да ескеру керек. Маңғыстау облысы жұмыс күші артылатын өңір. Халықты тұрақты жұмыспен қамту, облыстағы еңбек қатынастарының жағдайы әлеуметтік шиеленісті туындатып отыр. Жұмыссыздық мәселесі күн тәртібінде тұрған кезде шетелден азаматтарды қабылдау бірқатар экономикалық мәселелердің күшеюіне ықпал етуі мүмкін»,-дейді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басышысынң орынбасары Досан Жеткізген.
«Осы күнге дейін облыс әкімі орынбасары, басқарма басшыларының қатысуымен бірнеше жиын өтті. ҚР Премьер-Министірінің орынбасарының тапсырмасына сәйкес 11 тамыз күні Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері яғни қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаушы тарап келді. Қандарстармен кездесуде олар қабылдау тәртібі, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен берілетін көмек, жұмыс орындары жайлы жан-жақты ақпаратпен бөлісіп, жеке қабылдаулар өткізді. Ақмола облысындағы ірі кәсіпорын «НОВОПЭК» ЖШС-нің өкілдері де 50-ден аса бос жұмыс орындары жайлы және жұмыс жағдайы, отбасылық типтегі жатақханамен қамту секілді ақпарат ұсынды. Алдағы дүйсенбіден бастап өзге де облыстардың жауапты тұлғалары келеді.»,-дейді Досан Жеткізген.