Өткен тәулікте 34 адам короновирус инфекциясымен тіркелді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Мадина Рахметова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Инфекция жұқтырғандардың 28-і Ақтау қаласынан. Қалғандары Түпқараған, Мұнайлы, Маңғыстау аудандарынан.
Спикердің айтуынша, өткен 2 аптада (14.07.–27.07.22ж. аралығында) короновирус инфекциясының 306 жағдайы тіркелген.
- 28 шілде мен 10 тамыз аралығында 436 жағдай тіркелді. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 130 жағдайға немесе 1,4 есеге көп. Ағымдағы жылдың 10 ақпан айынан бастап Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Маңғыстау облысы жасыл аймақта орналасқан, - деді Мадина Рахметова.
Сонымен қатар, брифингте сөз сөйлеген Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиеваның айтуынша, ағымдағы жыл басынан бері КВИ-мен 18 жасқа дейінгі 691 бала тіркелген. Ауруханада 107 бала ем алып шықты. Қазіргі таңда 9 бала ем алып жатыр. Балалардың жағдайы орта қалыпта, вакцина алмаған. Реанимациялық бөлімде ем алып жатқан бала жоқ.
- Сонымен қатар, өңірде бүгінгі күнге дейін жүкті және босанып шыққан 469 әйелден COVID-19 анықталды. Өткен тәулікте 1 әйелден анықталды. Қазіргі таңда 22 әйел ем алуда, оның ішінде 12-сі үй бақылауында, 10 әйел ауруханада, - деді Ләззат Есенғалиева.
Қазіргі таңда облыс бойынша ревакцинацияға жататын адамдар саны – 144 274, оның ішінде ревакцинациямен – 105 118 қамтылған. Қайтадан ревакцинациялауға жататын адамдар саны – 12 934, оның ішінде қайта ревакцинациялаумен – 7 489 қамтылды.