Конья қаласында (Түркия) V Ислам ынтымақтастық ойындары басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Байрақты бәсекеде 54 елден 3500 спортшы жазғы спорттың 23 түрінен бақ сынайды.
Қазақстан құрама командасының сапында 125 спортшы мен 35 жаттықтырушы және 7 төреші ел намысын қорғауда. Спортшылар 16 спорт түрі бойынша сынға түседі.
Ел құрамасы велоспорттың трек бөлімінде медаль саны бойынша көш бастады.
Велотректен жарыстың соңғы күні Түркияның Конья қаласында өткен Ислам ойындарындағы Қазақстан құрамасы ресми ашылу салтанатына дейін (9 тамыз) біздің трекерлер барлығы 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Жалғыз күміс жүлдені маңғыстаулық Дмитрий Носков иеленді. Ол оны жекелей сыңда жеңіп алған болатын. Дмитрий қазіргі таңда МО жоғарғы спорт шеберлігінің спортшысы, бапкері Жануя Сеитова.
Велоспорттың трек түрінде Рината Султанова 10 шақырым топ жарса, жекелей сында 3 шақырымда тағы бір алтын жүлдені қанжығасына байлады. Әлішер Жұмақан тректегі 15 км жарыста қолаға қол жеткізсе, жекелей сында 4 км-де жарыс жеңімпазы атанды. Дәл осы сында Әлішерден кейін жарыс жолын тағы бір отандасымыз Дмитрий Носков кесті.
Осылайша ел қоржыны күміс жүлдемен толықты.
Ал, өз кезегінде Светлана Пащенко, Марина Кузьмина тағы қос қола жүлдені жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының велотрекшілері 9 марапатпен медальдық командалық жарысты жеңіп алды. Екінші орында БАӘ спортшылары (2/0/1), үздік үштікті Өзбекстан (1/2/1) түйіндеді.
МО дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлім басшысы Жамбыл Бисенкуловтың айтуынша алдағы жарыс күндерінде Маңғыстау облысынан кикбоксинг, каратэ WKF, таэквондо WTF спорт түрлерінен 5 спортшы бақтарын сынайды. Атап айтқанда кикбоксингтен Селбай Өнербек, Атагуллаева Жанар, таеквондо спорт түрінен Бірімбай Эльдар мен Абдирашев Сапарғали, каратэ спорт түрінен Елдашев Нурнияз ел намысын қорғайды.
V Ислам ынтымақтастық ойындары 9-18 тамыз аралығында Конья қаласында (Түркия) өтуде.