10 тамыз күні Маңғыстау ауданына қарасты Жармыш ауылында жомарт жандардың қолдауымен салынған жаңа мешіт ел игілігіне берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алла үйінің құрылысы 2016 жылы басталған болатын. Ауыл тұрғындары көптен күткен мешітте бір уақытта 100 адам құлшылық жасай алады.
Ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ерболат Хабиболлаұлы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты, Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің бас имамы, Елжанов Әнуар қажы Ізімбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, мешіттің құрылысына ат салысқан барша азаматтарға алғысын жеткізді.
Алла үйінің құрылыс сәулеті заман талабына сай безендіріліп, тұрғызылған. Мешітте ер мен әйел адамдарға арналған намаз және дәріс бөлмелері бар.
Ғимараттың жалпы аумағы 2000 шаршы метр, орда мұнарасының биіктігі 8 метр, күмбезі 4 метрді құрайды.
Ашылу салтанатынан кейін, мешітте жамағат намазы оқылып, ел тыныштығы үшін дұға жасалды.