Басқұдық тұрғындары ауыл маңындағы көпір астындағы каналда орналасқан құбырдан аммиак қалдығы шығып жатқанын анықтаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көпір астындағы каналға негізінен Ақтаудағы үйлердің тұрмыстық суы төгіледі. Тұрғындар осында зауыттан шыққан улы қалдықты төгіліп жатқанын айтады.
Қалдықтар осы канал арқылы Қошқар ата көліне төгіледі.
- СЭС мамандары бұл құбырды жүргізіп, аммиак қалдығын төгіп отырған зауытты да анықтады. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Тереземізді ашып отыра алмаймыз. Мынадай улы қалдықтың кесірінен біраз адамда аллергия пайда бола бастады, - дейді ауыл тұрғыны Нұрлан.
Енді ауыл халқы бірігіп құзырлы органдарға хат дайындап жатыр. Тұрғындар мәселені дереу шешпесек өмірімізге қауіп төніп тұр деп алаңдайды.