Бүгін Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 30-ға жуық мекеме қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған шара барысында түрлі саладағы 800-ден аса бос жұмыс орны ұсынылды. 60-қа жуық жас жұмыс берушілерден кеңес алып, түйіндемесін тапсырды.
Соның бірі - ақтаулық Абзал Есен. Ол екі ай бойы жұмыссыз жүрген. Қазіргі таңда өзінің тәжірибесі мен біліктілігіне қарай бірнеше жұмыс беруші мекемемен сөйлесті.
"Орал қаласында 2015 - 2019 жылдар аралығында автомеханик мамандығы бойынша оқу бітірдім. Содан кейін Ақтау қаласында өз мамандығыммен емес, екі-үш жыл әкімші және тұтынушыларға қызмет көрсетуші болып жұмыс істедім. Жақында жұмыстан шыққаннан кейін бірден Жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Бүгін осы жәрмеңкеге келіп, "Дина", "Анвар" супермаркеті және "KazTransGlobal" ЖШС мекемесі өкілдерімен сөйлестім", - дейді Абзал Есен.
Осы ретте "KazTransGlobal" ЖШС-нің директоры Нұрсұлтан Камиловпен тілдестік. Оның айтуынша, мекемеге 4 қызметкер керек. Мамандар 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін жалақы алады.
"Қазір бос жұмыс орындар жәрмеңкесі аясында сегіз адам түйіндеме тапсырып, кеңес алды. Басшы ретінде үш үміткерді таңдадым. Олардың арасында Абзал Есен де бар. Алдымен таңдап алған үміткерлермен сұхбаттасу жүреді. Кейін белгілі бір уақыт арасында сынақ мерзімінен өтіп, тест тапсырады. Егер осының барлығынан сүрінбей өтсе, жұмысқа қабылдаймыз", - дейді "KazTransGlobal" ЖШС-нің директоры Нұрсұлтан Камилов.
Одан бөлек ҚР ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаменті 600 жұмыс орнын ұсынып отыр. Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде 24 жұмыс орны бар. Сондай-ақ білім, мәдениет, құрылыс салалары бойынша мекемелер мен Ақтау қалалық полиция басқармасы, Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық -атқару жүйесі департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс ұсынды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА