Ақтауда «Жас мамандардың кәсіби дамуы: білім берудегі жаңа тренд, жаңа көзқарас» атауымен облыстық жас мамандар форумы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Балдәурен» оқу-сауықтыру базасындағы екі күнге созылатын форумға облысымыздың әр ауданынан келген 50-ден астам жас педагог жиналды. Шара жас мамандардың қатысуымен өтетін тимбилдинг және энерджайзер ойындарымен басталды. Сонымен қатар, форумның алғашқы күнінде мотивациялық тренингтер мен миды дамытуға арналған жаттығулар болды. Ал, галстуксыз кездесуде қатысушылар облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашевамен, «Мен қазақпын» жобасының жеңімпазы Алпысбек Оңайбаевпен және «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері Нұрдәулет Жарылғаповпен еркін форматта сұхбаттасу өткізді.
Форумның екінші күнінде «Үздік педагог-үздік тәжірбие» атты педагогикалық тәжірбие сағаты жоспарланған. Оның аясында жас мұғалімдердің рухани және шығармашылық шыңдалуына көмектесетін, табысты ұстаз болуға ықпалын тигізетін шеберлік сағаттары өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара жас педагогтердың кәсіби тұрғыда тәжібие алмасып, білім алуына сондай-ақ, жаңа орта қалыптастыруына септігін тигізеді.
Форум аясында мұғалімдердің цифрлық әлемдегі рөлі мен жаңа бағыттағы білім беру негіздері, ақпараттық коммункациялық технологиялардың жеке тұлға дамуындағы рөлі тәжірибе сағаттары аясында талқыланбақ. Сонымен қатар, эмоционалдық интеллектті дамытатын, кітап оқудың қажеттілігін түсіндіретін және кез-келген сабақты қызықты етудің тәсілдерін үйрететін шеберлік сабақтары болады.
-Бұл форумға алғаш рет қатысып отырмын. Бұл жерде жастарға мотивация беру үшін түрлі тренингтер, ойындар ұйымдастырылды. Форум бүгін басталып жатыр. Берері мол болады деп ойлаймын. Өйткені мұнда көп жылдық еңбек өтілі бар ұстаздар мен тәжірбиелі психологтар шеберлік сағаттарын өткізеді, - дейді форумға қатысушысы Ақжонас Төресаева.
Шара ұйымдастырушылар мен жас мамандар арасындағы пленарлық отырыспен аяқталмақ. Онда тәжірибелі мамандар ұстаздар үшін табысқа қол жеткізудің жолдары мен болашақтың бәсекеге қабілетті дағдылары сияқты тақырыптарды талқылайды.