Облыс аумағында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасай отырып.
Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруға көшті. Тәртіп сақшылары 5247 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
"Кез келген көлік құралын мас немесе есірткіге еліту күйінде басқару жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болмақ. Мас жүргізушілердің қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың зардабы өте ауыр. Аталған құқық бұзушылық үшін әкімшілік қамауға алу және 7 жылға дейінгі мерзімге басқару құқығынан айыру көзделген. Атап айтқанда, жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабын бұзған 43 жүргізуші ұсталды. Құжатсыз көлік құралын жүргізгені үшін 238 жүргізуші анықталып, оларға хаттама толтырылды",-деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Тексеру барысында автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбау бойынша 1326 факті анықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын жағдай - көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесу дерегі бойынша 622 жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабын бұзған.
Әр жүргізуші өзіндік шартты рефлексті дамытуы керек: бағдаршамның сары немесе қызыл сигналы пайда болған кезде адам ойланбастан көлікті тоқтатуы керек. Бағдаршамның тыйым салатын сигналына шыққаны үшін 114 жүргізушіге айыппұл салынды. Талдау көрсеткендей, ЖКО-ның негізгі себептері жылдамдықты арттыру, маневр жасау және басып озу ережелерін бұзу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің абайсыздығы болып табылады.
Өткен аптада біздің өңірде адам өліміне байланысты 2 жол-көлік оқиғасы орын алды.
Іс-шара басталғаннан бері қарсы жолаққа шыққаны үшін 7 жүргізушіге айыппұл салынды. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Маңғыстау облысының полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өзімшілдік пен салғырттық танытпаған жөн. Бұны еске ұстаңыз ғана біздің жолдар қауіпсіз болады!