Маңғыстаулық тұтынушыларға өз құқықтарын e-tutynushy.kz платформасы арқылы онлайн қорғау ұсынылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
2021 жылдың 1 қаңтарында іске қосылған бірыңғай ақпараттық жүйе, тұтынушыларға өзекті сұрақтарды бақылауға және құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, e-tutynushy.kz тұтынушыларға өз құқықтарын қорғау мен оның бұзылғаны жөнінде ақпарат беретін онлайн-платформа. Сонымен қатар, пайдаланушылар порталда шағымдарды тікелей сауда ұйымының өкілдеріне қалдыра алады. Өз кезегінде бұл ұйым өтінішті қарауға және тиісті шешім шығарып, көмек көрсетуге міндетті. Егер олай болмаған жағдайда өтініш тұтынушылық құқықтарды қорғау үшін, қажетті заңды шараларды қабылдайтын жауапты мемлекеттік органға түседі.
Қандай да бір тұтынушылық құқық бұзылғаны жөнінде шағым қалдыру үшін, тұтынушы порталда тіркеліп, адресатты, яғни, бизнес ұйымының атын, одан соң сотқа дейінгі реттеу субъектісін, соңында мемлекеттік органды таңдауы қажет.
Еске сала кетейік, порталдың тұрғындар арасында танымалдылығы жыл санап артып келеді. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында мұнда екі мыңнан астам тұтынушы тіркеліп үлгерген. Сондай-ақ, 100-ден аса бизнес субъектісімен жиырмаға жуық сотқа дейінгі реттеу ұйымдары да қосылған. Тұтынушылар порталда 1400-ден астам арыз-шағым түсіріп үлгерген.