Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «АМАNАТ» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы Маңғыстау облысынан басталды. «АМАNАТ» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Мұнайлы ауданының Маңғыстау, Дәулет ауылының тұрғындарымен кездесіп, жобаның мақсатымен таныстырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Ауыл аманаты» жобасы аясында еліміздегі әр ауылда, әр отбасында сауалнама жүргізу арқылы статистикалық ақпарат алынады. Ауылдарда жүргізілетін скрининг арқылы әр елді-мекеннің географиялық ерекшелігі, еңбек және қаржылық, өзге де ресурстары жөнінде сандық көрсеткіштер жиналады. Бұл статистикалық ақпаратты жобалық кеңсе сараптап, ауылдық округтердің экономикалық мамандану бағытын анықтап, жергілікті әкімдіктерге әдістемелік көмек көрсетеді.
«Өздеріңізге мәлім 14 сәуірде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары бекітілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында партия жанынан Үкіметпен бірлескен жобалық кеңес өз жұмысын бастаған еді, сондай-ақ барлық ауыл әкімдері бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгерді. Ендігі кезеңде бағдарлама мақсат-мүддесін халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру бағытында іс-шаралар атқарылуда. Ең алдымен Маңғыстау өңірінен бастауды жөн көрдік. Бір ай көлемінде ел аумағындағы әрбір ауыл, елді мекендерді аралауды жоспарладық. Қазіргі таңда ауылдарда жұмысқа сұраныс көп. Әрбір отбасы табыс көзін тауып, тұрмысын түзеудің қамына кіріскені жөн»,-дейді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ең алдымен Мұнайлы ауданына барған партия хатшысы ауыл тұрғындарының ауылды көркейтуге, дамытуға арналған жобаларын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Жеке кәсіпті өркендету үшін қаржылай қолдау, төмен пайыздық мөлшерлемемен несиелендіру тетіктерін іске қосу, кооперативтер құру, лизингтер алу арқылы ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуды көздейтін бағдарламаның мақсаты жан-жақты баяндалды. Тұрғындар да бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.