28 шілде күні Rixos Water World Aktau қонақ үйінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ираннан келген 12 туроператордың өкілдерімен кездесті. Сапардың мақсаты - Маңғыстаудың туристік әлеуетімен танысу, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы өзара әріптестікті нығайтуға ниетті екенін білдірді.
- Маңғыстау өңіріне қош келдіңіздер. Маңғыстау туристік әлеуеті мол, тарихи ескерткіштер мен киелі орындары бірегей ежелгі сәулет ескерткіштері орналасқан мекен. Көне ғасырлардан тіні үзілмей келе жатқан терең тарихы мен ата-ғұрып, салт-дәстүрі де өз ерекшелігімен таңғалдырады. Бүгінде облыста жағажай туризмінің дамуына ерекше қарқын берілуде. Курорттық аймақтар мен демалыс базаларынан бөлек табиғаты тұмса көрікті жерлерге туристерді тарту нәтижесінде экологиялық және сакральды туризмді дамытуға бағытталған өзге де туристік нысандар бар. Біз туристердің есте қаларлық демалысы үшін жан жақты жағдай жасауға тырысамыз. Бүгінгі кездесу арамыздағы тығыз ынтымақтастықтың берік іргетасы болатынына сенімдімін. Біздің міндетіміз – достыққа негізделген қарым-қатынасымызды одан әрі нығайту және дамыту, - деді Нұрлан Ноғаев.
-Иранның туристік агенттіктерінің өкілдерімен кездесудің негізгі мақсаты-өңірді таныстыру, сондай-ақ көптеген шетелдік туристерді тарту, дейді Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы Данияр Өтешев.
- Маңғыстауға Иранның астанасынан ғана емес, өзге де қалаларынан он екі үздік туроператор келді. Бұл кездесу - біздің өңір үшін, атап айтқанда туризмді дамыту бағытында оң нәтиже бермек. Туроператорлармен келісімдер шамамен үш-төрт ай бойы жүргізілді, барлығы визалық режимнің өзгеруімен қатар жүрді. Қазіргі уақытта Қазақстанда Иран азаматтары үшін 14 күн мерзімге визасыз режим енгізілді, - деді Данияр Өтешев.
Данияр Өтешев атап өткендей, қазір қазақстандық туристер Иранға баруы үшін қолайлы жағдай жасалған. Ирандықтардың тарихы, тұрмыс салтымен және жергілікті колоритті тамашалауға зор мүмкіндік бар.
— Біз талдау жүргізіп, қазақстандық туристер үшін артықшылықтарды зерттедік. Ирандағы демалыс басқа елдердегідей қымбат емес деп айта аламыз. Бұрын Персия деп аталған бұл елдің бай тарихы бар, ал оның ежелгі астанасы Персеполис ауқымы және тарихи маңызы жағынан Рим қирандыларынан кем түспейді, бұл ретте көптеген көне ғимараттар Италияның бас қаласына қарағанда әлдеқайда жақсы сақталған, – деп атап өтті Данияр Өтешев.
Бүгінгі таңда Голестан провинциясының әкімшілік орталығы – Ақтау мен Иран Горган арасында тікелей әуе қатынасы жұмыс істейді. Тегеран – Алматы және Горган – Ақтау бағыттары бойынша халықаралық рейстерді Иранның Kish Air авиакомпаниясы A321 және MD-82/83 типті ұшақтар орындайды.
- Қазір рейстер айына екі рет орындалады. Рейстерді аптасына екі, содан кейін күн сайын бір рейске дейін арттыру жоспарлануда. Біз ынтымақтастық үшін ашықпыз және ол жемісті болады деп үміттенеміз. Әзірге Қазақстанға келетін туристердің нақты санын анықтау мүмкін емес. Бірақ бұл көрсеткіш жылына 10 000 туристке дейін жетеді деп ойлаймын. Бірақ бұл шектік көрсеткіш емес. Біз қазақ халқының қонақжайлылығына өте қуаныштымыз, бізге мұндағы климат әрі қызмет ұнайды. Ирандық туристер үшін көрікті жерлер мен жағажайларды, сондай – ақ тарихи орындарды серуендеу қызықты болмақ", - деді Ираннан келген туристік агенттіктің өкілі Вахид Хейдари.