Ақтау қаласының әкімдігіне тұрғындардан түнгі уақытта тыныштық бұзушыларға қатысты көптеген шағымдар түсуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осыған байланысты, Жергілікті полиция қызметінің жұмысы күшейтілді. Мәселен, кеше түнде 23 жастағы тұрғын көлікте музыканы қатты қойып, түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Оған ӘҚБтК-нің 437 бабы мен 590 баб, 5-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, көлігі айып тұрағына салынды.
— Көбінесе тұрғындар көп қабатты үйлердің алдында беймезгіл уақытта музыканың дауысын барынша қатты қоятын, даңғаза жастардың жүрісіне шағымданады. Біз шулы автокөлік жүргізушілерін де тәртіпке шақырамыз. Тұрғындар тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынатынын да ескертеміз, - деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.