Ал жасыл-желектерді суару жұмыстары биыл Ақтауда алғаш рет су құбыры арқылы жүргізіле бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жылдар бойы теңізге кетіп жатқан жерасты тұщы суларын тиімді пайдалану үшін қаланың орталық бөліктеріне, саябақтар мен алаңдарға ұзындығы 55 шақырымды құрайтын құбыр тартылды. (қажеттілік тәулігіне 1 700м3). Қазіргі таңда аталған құбырлардың 45 шақырымы іске қосылған. Қалған 10 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Маусым айының соңына дейін толықтай іске қосылмақ.
Бұдан бөлек, шағынаудан бойындағы жасыл-желекті суару үшін «GreenCityAktau» ЖШС жыл соңына дейін тағы 40 шақырым су құбырын іске қоспақшы. Қазіргі таңда оның 13 шақырымы 1,2,3,3а,3б,4 шағын аудандарына жүргізіліп, іске қосылды.
- Шағынаудан ішіндегі жасыл желектерді суару үшін қазіргі таңда мүлік иелерінің бірлестігі және тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелермен келіссөздер жүргізіліп, келісім-шартқа отыруға жұмыстанудамыз. Сондай-ақ, қосымша 30 дана арнайы су тасушы көліктер қаланың жасыл желектерін суаруда. Бірі жер астында, екіншісі жер үстінде орналасқан 60 текшеметрлік қос резервуар бар. Оператор күн сайын таңғы сағат 6-да келіп, насостарды қосады. 7.30-дан бастап, көліктер келіп, су толтырып алады. Бірінші ауысымда сағат 8:00 - 16:00 дейін 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында көше бойындағы ағаштарды суарады. Жасыл желекті, газондарды қырқады. Екінші ауысым сағат 16.00 басталады, 20 адам шағынаудан іштерін суарады. Бір шағынауданға шамамен 10 күнде қайтып келеді, -деді Ануар Туляков.
Қазіргі таңда «GreenSityAktau» ЖШС-гі мекемесі талдарды улау (дезинфекция) жұмыстарын да жүргізіп жатыр. «БИ-58» және «Карате» деп аталатын у түрлері қолданылуда. Қала аумағында 40 мыңға жуық жасыл желектер улаудан өтті. Аталған жұмыстар әлі де жалғасады.