Мектеп бітіргеніне он жыл болған Бейнеу түлектері мүмкіндігі шектеулі жанға баспана сыйлады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Айдын Демебаевтың айтуынша, игі дәстүр 2009 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Биыл 2012 жылы мектеп бітірген түлектер жақсылық эстафетасына атсалысып, қуаныштың куәсі атанып отыр.
"Бүгін мүмкіндігі шектеулі жан Әсет Төлемисов есімді бауырымызға баспана сыйладық. Былтыр баспана сыйлау эстафетасының кілті мен қайшысын 2011 жылы мектеп бітірген түлектер тапсырған еді. Енді, міне, аманатқа қиянат жасамай, Бейнеудегі 10 мектептің түлектері жиналып, жақсы істің жаршысы атандық. Бұл 2012 жылы мектеп бітіргендердің бірлігі, үлкен жетістігі болды", - дейді Бейнеу гимназиясының түлегі Айдын Демебаев.
Түлектер баспананы сатып алғаннан кейін іші-сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізген. Есік алдына пандус қойып, мүмкіндігі шектеулі жанның қауіпсіздігі үшін қажетті жағдаймен жабдықтаған.
"Әсет Төлемисовтың бұған дейін өз үйі болмай, мемлекетке қарасты баспананы жалдап тұрған. Өзі де, әйелі де жұмысқа жарамсыз. Сондықтан 400 адамның ішінен осы жігітті таңдап алдық", - деді түлектер.
Айта кетейік, салтанатты шараға Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Саламат Ғайыпбаев қатысты. Мектеп түлектеріне алғыс хатты табыстап, қуаныш иесін құттықтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, баспана сыйлау эстафетасы 2013 жылы мектеп бітірген түлектерге жолданды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА