Ақтау қаласын көгалдандыру ісі енді алдағы 5 жыл қатарынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүргізіледі. Осыған дейін шөлейтті облыс орталығын жасыл-желекке орап, оны суарумен айналысатын мекеме жыл сайын анықталатын. Бұл жұмыстың сапасына кері әсерін тигізді. Сондықтан да қала әкімдігі келісім мерзімін 5 жылға ұзартты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне сілтеме жасап.
Жеңімпаз мекеме - «GreenCityAktau» ЖШС.
Жоба аясында Ақтау қаласын көгалдандыру, ағаштарды, бұталарды, гүлдерді отырғызу және жасыл желектер мен ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі.
-Бес жылға бағытталған жоба аясында жапырақты ағаштардан 20 905 дана, қылқан жапырақты ағаштардан 11 750 дана, сәндік бұталардан 1 460 дана, бұталардан 20 000 метр, көгалдардан 5 000 шаршы метр, гүлзарлардан 652 500 дана, раушан гүлдерінен 18 000 дана егу жоспарланған,-деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының м.а Ануар Туляков.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін мекеме анықталғанға дейін жыл басынан бері «Ақбота» МКК-ның көгалдандырушылары жасыл желектерді күтіп-ұстау, сондай-ақ жаңа ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізген. Олар ақпан айынан бастап 4650 түп ағаш отырғызды. Оның 2650 данасы қылқан жапырақты (қарағай, биота) 2000 данасы жапырақты ағаштар (айлант, клен, ясень, килитерия).
- Сонымен қатар, қаланың 9, 11, 14 шағынаудандарын біріктіретін айналма жолының ортасына 112 000 дана 1 жылдық петунья гүлдері, 12 шағын аудан Тобанияз ескерткішінің алдына раушан гүлдері егілді. Отырғызылған көшеттердің барлығы Ақтау қаласында өсірілген. Яғни барлық ағаштар мен көгалдар Маңғыстау облысының құрғақ климатына төзімді жасыл желектер, - деді Ануар Туляков.