© Фото: ҚР дзюдо федерациясы
Астанада аяқталған QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM турнирінде белдескен маңғыстаулық дзюдошы жүлдеден тыс қалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысының дзюдошысы Руслан Мұсаев 10-12 мамыр күндері аралығында елордада өткен рейтингтік турнирде екі қарсыласын ұтқанымен, ширек финалға шығар сында Олимпиада чемпионынан айласын асыра алмады.
Жерлесіміз бірінші айналымда Доминика спортшысынан басым түсіп, 1/16 финалда Катар балуаны Мұхамед Ребахиді қапы қалдырды. Алайда 1/8 финалда Рио Олимпиадасының чемпионы Хасан Халмурзаевпен болған бәсеке Мұсаев үшін сәтсіз аяқталды. Осылайша ол QAZAQSTAN BARYSY GRAND SLAM бәсекесін аяқтауға мәжбүр болды.
Байрақты бәсекеге әлемнің 84 елдің 450 спортшы қатысты. Аталған сында Қазақстан дзюдошылары 4 жүлдеге қол жеткізіп отыр. Әйелдер арасында Ғалия Тынбаева 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанды. Ал ерлерден Елдос Сметов (60 келі), Бақытжан Әбдірахманов (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі) қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл сында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте бесінші орынға тұрақтады.