Премьер-министр Ақтау теңіз портының алдағы жұмыс жоспарымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда Ақтау теңіз порты қосымша алаң салуды жоспарлап отыр. «Ақтау теңіз порты»-ның басшысы Абай Түркпенбаевтың айтуынша, 19 гектар жерге контейнерлік хаб салынады.
«Бізге қосымша алаң керек, егер контейнерлік хаб салынса, терминалдық қызметтер жанданады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, полипроаилен түсті металдарды сусымалы жүктерді теміржол вагондарынан контейнерлерге қайта орау, ашық жерде тауарларды сақтау, жөндеу, сертификаттау, тоңазытқыш контейнерлерді қосу, жүктерді бекіту, тиеу, түсіру қызметтері көрсетіледі», - деді Абай Түркпенбаев.
Қазірдің өзінде аталған терминалды салуға қызығушылық танытып отырған шетелдік компаниялар бар. Аталған контейнерлік хабты салуға 13,7 млрд теңге керек.
Сонымен қатар «Ақтау теңіз портының» басшысы Абай Түркпенбаев мобильді тексеру кешенінің барлық импорт контейнеріне тез қызмет көрсетуге мүмкіндігі болмайтынын да тілге тиек етті.
Бұл ретте Премьер-министр Әлихан Смайылов теңіз порты басшылығы тарапынан айтылған мәселелерге нақты шаралар қолданылатынын атап өтті. Сонымен қатар теңіз портының мүмкіндіктері өз деңгейін толық пайдалана алмай отырғанын айтты.
«Маңғыстау облысының халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық және инфрақұрылымдық-сервистік әлеуеті зор. Бірақ теңіз портының жүктемесі – орта есеппен 20-25 пайыз. Мұны өзгерту қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» АҚ мен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша экспорттық жүктерді бағыттау арқылы Ақтау және Құрық теңіз порттарының жүктемесін ұлғайтуды пысықтау қажет», - деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.