Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтардың 34,2% - ы бұқаралық спортпен шұғылданады. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 2021 жылы облыс халқының 37,4% құрады. Үкіметте бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
primeminister.kz ресми сайтында жарияланған дереккөздерінде: ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен министрлер кабинетінің отырысында мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, сонымен қатар облыс әкімдері баяндама жасады, делінген.
Сондай-ақ, тақырып бойынша Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жасаған баяндамасында:
«2021 жылы облыс халқының 37,4%-ы немесе 274 979 адам дене шынықтырумен және спортпен қамтылды, оның ішінде 144 107 адам ауылдық жерлерде шұғылданады. 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 22 мың адамға өскен», — деп мәлімдеді.
Өңір әкімдігінің деректеріне сай, мұндай өсім облыста жаңа спорт нысандарының ашылуы, бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүргізіліп жатырған мемлекеттік спорттық тапсырыстармен және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етілді.
Осы орайда өңірде спорт саласының дамуындағы жеке кәсіпкерлердің үлесін ерекше атап өткім келеді. Нәтижесінде облыс бойынша спорт нысандарының саны 775-тен 823-ке жетті, 345-і ауылдық жерлерде орналасқан. Спорт инфрақұрылымының қарқынды дамуы былтырғы жылы халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде 822 спорттық іс-шара өткізуге мүмкіндік берді. Аталған іс-шараларға 123 300 облыс тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында 2021-2022 жыл аралығында 70 жеке кәсіпкерге 24 спорт түрінен 676 млн теңге бөлініп, 13 156 бала әртүрлі спорт түрімен шұғылдануда. Олардың 40%-ы – ауылдық жердегі балалар. «Nike Run Club Aktau» клубымен бірлесіп жаппай жүгіру шаралары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған клубтың құрамында 2000-ға тарта адам бар. Оның ішінде 500-дей адам үзбей шұғылданады. Жаттығулар теңіз жағалауы, ботаникалық бақ, «Каспий» стадионы және т.б. ашық алаңдарда өткізіліп келеді», — деді Н. Ноғаев.
Осы қарқынды төмендетпеу мақсатында биыл 1500 спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл шараларға 152 000 адамды қамту арқылы спортпен шұғылданушылар санын 305 620 адамға, яғни 41,3%-ға жеткізу көзделіп отыр.
«2025 жылға дейін бұқаралық спортты дамыту мақсатында өңірде 100 спорт алаңы, 10 спортзал және 4 спорт кешенін салу жоспарланып, нәтижесінде тұрғындардың спортпен шұғылдануын 50%-ға жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдайтын боламыз», деп қорытындылады өңір басшысы.