«Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» демекші, бірлігін жоғалтқан мемлекет әлемнің қуатты елдеріне төтеп бере алмай, алға дамудың орнына төмен түсіп, құлдилап кетуі ықтимал. Ел ішінде орын алған түсінбеушілікті қақтығысқа айналдырып, ынтымақ пен бірлікке іріткі салар адамдар халықтың басына қара бұлт үйіріп, ел ертеңіне қауіп тудырары даусыз. Қоғамда қай кезде де түсінбеушіліктер, кикілжіңдер орын алады. Алайда оны ақылға жүгініп, сабырға келіп шешкені абзал. Осыған орай Ақтау қаласындағы ардагерлер ұйымына бас сұғып, ондағы ел ақсақалдарын сөзге тарттық. Олар өңірімізде орын алған күрделі ахуалға үн қатып, салмақты сөздерін, орамды ойларын ортаға салды. Бәрінің де айтар сөзі – бірлік пен сабырлық болды.
Аманжол ҚАРТБАЙ, Ақтау қаласы ардагерлер ұйымының төрағасы:
– Аймақ басшылары өңірімізде орын алған ахуалға бейжай қарамай, іске білек сыбана кірісіп, түйткілді мәселені шешу үшін қызу жұмыстанып жатыр. Еліміздің өркендеп, дамуы үшін кезінде еңбек етіп, бүгінде ардагер атанған біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген бастамаларын қолдаймыз. Оған барынша көмек беріп, қасынан табылып, топтасуымыз қажет. Бұрынғы кеткен кемшіліктерден, қиындықтардан сабақ алып, тағылым түйіп, алға қарай байыпты қадам жасау керек. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан мемлекет болып, бейбітшілік пен татулықты көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Бейбітшілік, тыныштық болмаса, ештеңенің де дамуы мүмкін емес.
Мұнайлы мекен Жаңаөзенде жұмыссыздықты ауыздықтап, жаңа жұмыс орындарын құру мәселесін құптаймыз. Алайда облыс әкімі атап өткендей, өңірдің барлық тұрғынын мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жоқ. Еңбек даулары сындарлы диалогпен, екіжақты келісссөзбен жүзеге асырылып, шешілгені жөн. Аймаққа «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев келіп, еңбек ұжымдарымен кездесіп, олардың толғандырған мәселелерін тыңдап, атқарылатын жұмыстар туралы түсіндірді. Облыс басшысы да көтерілген мәселелерді шешуде жұмыстанып жатыр. Бұның бәріне уақыт керегін ұмытпағанымыз абзал. Бастысы, қиын кезде халық бір болып, ел ішінде тыныштық пен бейбітшілік орнап, билікке зор қолдау білдіру қажет. Сонда ғана орын алған олқылықтарды еңсеріп, еліміздің жандануына, өркендеуіне жол ашылатыны сөзсіз.
Қалпен ЕСЕТОВ, Ақтау теңіз сауда портының ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің бюро мүшесі:
– Бүгінде жұмыссыздық мәселесі өте өткір. Жаңа жұмыс орындарын құрып, халыққа табыс табуға мүмкіндік беру керек. Аймақ басшылары іргелі іс атқарып, халықпен кездесіп, сабырлыққа, ауызбіршілікке шақырып жатыр. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, ашуға бой алдырмай, кез келген нәрсені ақылға салып шешкен жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған бағыты дұрыс. Халықпен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерін тыңдап, шешіп, елді бірлікке үндеп, сабырға шақырып, тапсырмалар беріп жатыр. Аймаққа республикадан басшылар келіп, түйткілді мәселені шешуді мықтап қолға алып, жұмыстанып жатыр. Оларға да уақыт пен мүмкіндік керек. Ел бірлігіне сызат түсірмейік, жақсылықтан үміт күтейік. Мемлекет басшысы елімізде үлкен жоспарларды жүзеге асырғысы келеді. Бұл мемлекетіміздің тұрақтылығына және оның жарқын болашағына үлкен сенім туғызады.
Талап ЖАНЖІГІТҰЛЫ, сауда саласының ардагері, Ақтау қаласы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары:
– Еңбек дауынан басталған бұл түсінбеушілікті наразылыққа ұластырмай, мекеме басшылығы мен ұжым бір кабинет ішінде, бір стол үстінде шешуі қажет деп ойлаймын. Адамда қанағат деген асыл қасиеттің болғаны абзал. «Қанағат – қарын тойғызар» демекші, жоғары жалақы алатын жандардың да ақшасын көбейтуді сұрағаны болмас. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің гүлденуіне күш салып, халқымыздың әл-ауқатын арттырып, ел ішінде оң өзгерістер орын алып жатыр. Жақсылықтан үміт үзбей, болашаққа сеніммен көз тігеміз. Бейбіт аспан астында сүттей ұйып отырған халыққа тыныштық пен тұрақтылық керек. Ел ішіндегі түсінбеушілікті өз пайдасына жаратқысы келетін адамдардан аулақ болайық, сабырлық сақтап, ақылға жүгінейік. Еліміз ұстанған сарабдал саясатымен нық әрі мығым қадам жасап, дамуын тежетпей биікке өрлеуде. Біз бірлікті берік ұстануымыз қажет. Ел ішінен топ-топқа бөлінсе, сырттан аңдыған дұшпан құр отырмайды, одан әрмен ыдырату үшін бар күшін жұмсайды. Сол үшін бірлігімізді бағалайық, оны сақтайық.
Ханым ҚУАТ