Ақтау көшелерінде тұрғындар үшін классикалық музыкадан «көше концерті» ұйымдастырылады. Әуезді әуендер көшедегі дауыс зорайтқыштар арқылы күн сайын ойнатылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда қала көшелерінде 650 дауыс зорайтқыш орнатылған. Аталған дауыс зорайтқыштар қала тұрғындарына ақпарат беру, түрлі іс-шараларды музыкалық сүйемелдеу үшін қолданылып келеді.
- Ақсақалдар мен қала тұрғындарының өтініші бойынша біз күнделікті белгіленген уақытта классикалық шығармалар мен күйлерді дауыс зорайтқыштар арқылы қоюды жоспарладық. Жалпы «көше концерті» тұрғындар жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанында қойылады. Классикалық музыканың пайдасы көп. Жаңа бастаманы қала тұрғындары мен қонақтары жақсы қабылдайды деген ойдамын, деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Дауыс зорайтқыштар арқылы қойылатын музыкалардың ішінде Чайковский, Вивальди, Моцарт сынды әлемдік классиктердің шығармаларымен бірге Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Дәулеткерей Шығайұлы мен Маңғыстаудың күйлері де бар. Музыкалық шығармалар күн сайын 18:00 мен 20:00 аралығында қосылады.