Нұрлыбек Испулов – Мұнайлы ауданы Баянды ауылындағы №3 орта мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Өзі ағаш шебері болса да, жиырма жылдан бері сүйектен түрлі әшекей және сәндік бұйымдар жасайды. Бұған соңғы 5 жылда ден қойған. Бұл туралы Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Шебер алдымен сүйекті 3 кезеңнен тұратын өңдеуден өткізіп, сүйекті суда қайнатады. Содан соң сүйекті ас содасымен қайнатып, 2 сағат кептіреді. Кепкен сүйекті тағы бір мәрте сутегімен қайнатады. Осыдан кейін ғана сүйек толық ағарып, жағымсыз исінен арылады.
Нұрлыбек Амангелдіұлы алғашында ағаш бұйымдарын түрлі көрмелерге шығарып жүрген. Біліктілігін арттырып, 7 ай көлемінде қайта шыңдалып, 2018 жылдан бері сүйектен бұйым жасауға кіріскен.
- Балалардың да сүйектен бұйым жасауға қызығушылығы жоғары. Негізі көктем және жаз айларында айналысқан жөн. Сүйекті далада өңдеуден өткізген жақсы, әйтпесе ғимаратты сүйектің исі алып кетеді. Бұл біздің балалар тәрбиесіне де көмегі тиіп жүр. Мәселен осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп басшылығы тәртібі қиын, ештеңеге зауқы жоқ бір оқушыны маған берді. Соның осы жұмысқа қызығушылығын оятып, бірге жұмыс істедік. Ол оқушым облыстық көрмелерден бірінші орын алып жүрді. Қазір Түркияда оқып жатыр - , деді Нұрлыбек Испулов.
Шебер ұстаз тек әшекей бұйым жасап қана қоймай, сүйектің бетіне түрлі тарихи таңбалар да салады.