Өткен аптада Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы тарихшыларының бас қосуымен «1920-1950 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін: Батыс Қазақстан аймақтарының тарихи деректері негізінде» тақырыбындағы өңірлік ғылыми-конференциясы өттті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Конференцияда алғысөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев саяси қуғын-сүргін залалы төңірегіндегі деректерді толыққанды зерттеу, ұлт тарихының жаңа белестерін зерделеуде тарихи сабақтастықты қалыптасыру маңызы жөнінде әңгімеледі. Ел тарихының өткен ғасыр межесіндегі 20-30 жылдар ауыр нәубет, зұлмат зобалаңмен тұспа тұс келгені мәлім. Осы жиында жазушы Болат Жұмағұловтың “Сұрқия саясат сойқаны” атты кітабының тұсауы кесілді.
Жиында алдымен Маңғыстау облыстық архивінің архивисі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Эльвира Абланова 1920-30 жылдардағы Маңғыстау өмірінің қоғамдық саяси жағдайы жөнінде баяндама жасады. Ол Маңғыстау даласындағы Кеңес өкіметінің өктем саясатына қарсы күрес сипаты мен тарихи деректер жөніндегі мағлұматтармен бөлісті.
Ел басына төнген нәубет жылдары жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Алашорда тарихын зерттеуші Дәметкен Сүлейменова “Алашорда” үкіметінің Батыс бөлімшелерін басқарған Жаһанша Досмұхамбетова тарихи тұлғасы хақында ой толғады.
“Зерттеу барысында Кеңес үкіметі қазақтың сүт бетіне қалқыған қаймақтарын, кіл зиялылардың көзін құртуға, басып-жаншуға барын салғанына көзіңіз жетеді. Бүгінгідей конференцияның тарихи танымдық-тағылымдық маңызы орасан зор. 2017 жылы Мәскеуде саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығына байланысты Бутова полигонында мәрмәр тақта орнатылды. Сол тақтаға қашалған есімдер тізімінде Жаһанша Досмұхаммедов есімі де бар. Менің көздеген үлкен мақсатым - Алаш қозғалысының 105, Жаһанша Досмұхаммедовтың 135 жылдық және көптеген Алаш қайраткерлерінің мерейтойларына орай Бутова полигонында атылған 20 мың 760 адамның ұлты мен жас ерекшеліктеріне зерттеп, зерделеп, бірізді тізіп, үлкен жинақ қылып шығарсақ деген ой бар”, - деп түйіндеді ол өз ойын.
Сондай ақ Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жәмиға Таңатарова зұлмат тұсында сұрқия саясат нәтижесінде қазақ халқы бастан өткерген қасірет көлемін бағамдауға барын салды.
Келелі басқосуда Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева “Атырау өлкесіндегі тәркілеу - архив деректерінде” тақырыбында баяндама жасады. Ол қызыл империя қылышына іліге тұра ұлтқа қызмет етудің биік феномені болған Алаш зиялыларының ардақтау ұрпақтың парызы мен қарызы екенін тілге тиек етті.
Тағылымды жиында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбенов те мазмұндық тағылымдық астары зор баяндамасын оқыды. Жиын соңында саясаткер Дос Көшім қуғын сүргін құрбандарын ақтау бойынша құрылған комиссия жұмысының бірнеше жылға жалғасатынын жеткізді.
“Қуғын сүргінге ұшыраған саяси қазақ идеологиясы. Адамдар солардың жүргізушісі. Желтоқсан оқиғасы да Сталиндік репрессияның толық жалғасы. Біз 30- жылдармен шектеліп отырмауымыз керек. Тағы бір мәселе я музейлерде саяси идеология көрініс таппаған. Кеңес Одағы кезеңінен бер Елбасы залы ғана жасақталған. Желтоқсан оқиғасының қатысушылары туралы бірде-бір дерек не сурет жоқ” - деді ол.
Голрох Жеменей