«Маңғыстау Медиа» басылымдары бейнеленген №3 автобус қала ішінде қатынып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қоғамдық көлік сыртында тарихы терең облыстық «Маңғыстау», «Огни Мангистау» және қалалық «Жаңаөзен» газеттері бар. Оған қоса аудандық «Жаңа өмір», «Ақкетік арайы», «Рауан», «Қарақия», «Мұнайлы» газеттері, mangystaumedia.kz сайты және журналист Жұлдызай Қалиеваның бейнесі көрсетілген.
Мұндай креативті жарнама «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Қабышқызының ұсынысымен, демеушілік қолдау аясында орындалды. Айтуынша, өңір жаңалықтарының жаршысына айналған басылымдарды көпшілік білуі тиіс.
«Газет – сенің тарихың. Себебі газетте өз кезеңіндегі басты оқиғалар мен мәселелер бір арнаға тоғысады. Бастысы – журналистер нақты дерек пен дәйекке сүйеніп, халыққа ақпарат таратады. Сондықтан әрбір тұрғын өз аймағының басылымын біліп, ақпаратты жеткізуші журналистерді тануы керек. Осы мақсатпен «Маңғыстау Медиа» басылымдарын автобус сыртына шығардық. Ал аймақ басылымдарын «Маңғыстау Медиа» ЖШС журналисі Жұлдызай Қалиева таныстырып тұр», - дейді Айсұлу Қабышқызы.
Журналистің қолға газет ұстап, оны оқып тұрған бейнесі көпшілікті газет оқуға шақырғандай.