Биыл Маңғыстау облысында 4 мектептің құрылысы аяқталады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тамыз айында Шығыс-1 тұрғын массивінде 300 орындық жалпы білім беру мектебінің құрылысы аяқталды. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілген боолатын. Енді 32 а шағынауданда 300 орындық №29 орта мектептің және Бейнеу ауылында Күйкен атындағы оқу корпусының құрылысы салынып жатыр. Сонымен қатар Өмірзақ ауылында №27 мектеп жапсаржайын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Жасан Бисенбаевтың айтуынша, 32 а шағынаудандағы №29 мектептің жапсаржай құрылысы басталды. Мердігер мекеме – «Еврострой-А» ЖШС. Нысан құрылысы желтоқсан айында аяқталады.
«Бейнеу ауылындағы Күйкен атындағы оқу корпусының құрылысы басталған. Қазіргі уақытта ғимараттың іргетасы толық аяқталып, қабырғалары қалануда. Мердігер – «Нұр-Жол Құрылыс» ЖШС. Бұдан басқа, Өмірзақ ауылында қолданыстағы мектепке қайта құру жұмыстары да басталды. Мердігер – «Нұрболат» ЖШС. Қазіргі уақытта нысанның іргетасы қалануда», - дейді бас маман Жасан Бисенбаев.
Қазір барлық нысан тиісті қаржымен қамтамасыз етілген. Алайда мамандардың айтуынша, Бейнеу ауылындағы білім беру нысанын аяқтауға қосымша 245,4 млн. теңге көлемінде қаржы қажет. Бұл қаржыны «Ауыл-Ел Бесігі» бағдарламасы аясында басқа жобаларға бөлінген қаржыдан үнемделген қаржы есебінен толықтырылады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында «Нұр Отан» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 26 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның төртеуі биыл аяқталса, қалған 7 мектептің құрылысы 2022 жылы басталады. Сондай-ақ 2023, 2024 жыл және 2025 жылдары 5 мектеп салынады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА