Қызандық тұрғын Маржан Жұманазарова мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан кәсібін дөңгелетіп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маржан Жұманазарова қыз жасауы, құрақ көрпе, бешпент, камзол мен түрлі үлгіде көйлек тігеді. Еңбекке адал, қолы алтын шебердің қызымен тілдестік. Айтуынша, анасы Маржан ине мен жіпті жастайынан серік еткен. Әлі күнге дейін қолөнерден қол үзбей, керісінше кәсіпті қарқынды дамытқан. Соның нәтижесінде шағын тігін цех ашып, еңбектің тәтті нанына қол жеткізіп отыр.
Ауыл тұрғындары да алыстан арбалағанды құп көрмейді. Себебі алтын қолды тігінші тап қасында тұр.
Кәсіпкер пандемия уақытында жұмысын тоқтатқан. Себебі сұраныс азайған, оның үстіне санитарлық талапты да сақтаған. Десе де қазір бір күннің ішінде 2 көйлекті кестелеп, қырмыжын жазып, сатуға дайындап қояды. Көрпе мен көрпешені құрауға да уақыт табады.
Бұған дейін отағасы Қылышбек Сәрсенғожин темірден түрлі бұйым жасап жүрген. Қазіргі таңда Әліби Жангелдин мектебінде әртүрлі жұмыстарды істеп, еңбек етіп жүр. Айтуынша, отбасында 5 баласы бар. Үлкені жоғары оқу орнын бітірген, ал қалған ұл-қызы мектепте білім алуда. Озат ойлы ұл-қыз тәрбиелеп, шаңырақты берекеге бөлеп, мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан еңбек етіп жүрген отбасы көпті сүйсіндіріп, үлгі болып жүргені қуантады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА