Жылдағы дәстүр бойынша ҚР Президенті Қ.Тоқаев кезекті, яғни үшінші Жолдауын жолдады. Әр Жолдауда ел игілігі үшін жасалар жұмысты саралап, нақты тапсырмамен жұмыс басталады.
Жолдау халықтың барлық әлеуметтік тобына да жақын болды десем қателеспес едім. Өйткені 2018 жылдан бастап көтерілмеген ең төменгі жалақы деңгейінің өсуі бюджет саласында ғана емес, әсіресе орта буын қызмет өкілдері үшін жағымды жаңалық болды. Өйткені жалақының аздығы әрбір отбасына әсерін тигізуде. Қымбатшылықтың салдарынан айлығы шайлығына жетпейтін жандарға кішкене болса да медеу болары сөзсіз.
Бұл Жолдауда Маңғыстау өңіріндегі болып жатқан қуаңшылық мәселесі де ұмыт қалмады. Сонымен қатар өңірдегі өзекті мәселенің бірі – ауыз су мәселесі болатын. Бұл туралы «Астрахань-Маңғыстау» ауыз су құбырын қайта жасақтап, кеңітуге тапсырма бергені көпшілік көңілінен шықты. Бұл өңірдегі су тапшылығының шешілуіне мұрындық болады деп сенім артамыз.
Жолдауда тозығы жеткен «Бейнеу-Жаңаөзен» газ магистралін қайта жасақтау жөнінде де айтылды. Газ бен су мәселесі шешімін тапса, басты мәселенің шешілгені дер едім. Өйткені жыл сайын Мұнайлы ауданында, тіптен өңірімізде де судың тапшылығы күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе жаз айлары тұрғындарға ауыр тиюде. Сондықтан жолданған Жолдау жолда қалмай, жасалар жұмыс межесіне жетуіне тілекшімін!
Г.ТАСБОЛАТОВА,
Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты