Жаңаөзен қаласындағы «Көркем Әлем» компаниясының ұйымдастыруымен желі қолданушылары арасында «Нағыз қазақ» фото байқауы өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау көне дәстүрді жаңғырту, ата мен бала арасындағы ерекше қарым-қатынасты, дастарқан мәдениеті мен ұмыт болып бара жатқан әдеттерді қайта трендке енгізу мақсатында ұйымдастырылып жатыр.
"Ертеде үлкендеріміз дастарқан басында ас ішіп отырған кішкентай балақайларға етін жеп, сүйекті мүжісін деген ниетпен қойдың жілігін беріп қояды екен. Ондағы ойы – жілік мүжудің тісі енді шығып келе жатқан балалардың ағзасына әкелер пайдасы зор дейді. Байқаудың ерекшелігі де сол, кішкентайлардың ет жеп, сүйек мүжіп отырған ерекше фотолары сынға түседі", - дейді ұйымдастырушы.
Ең үздік 5 фотоға қаржылай сыйлық беріледі. Конкурсқа тек маңғыстаулықтар ғана емес, өзге де аймақ тұрғындары қатыса алады. Ал 30 қыркүйек күні компания мамандарының қазылығымен жеңімпаздар анықталады.
«Көркем Әлем» – ет өңдеу ісімен айналысатын Жаңаөзен қаласынан ашылғалы отырған үлкен кәсіпорын. Компания өндірістік мақсатта ғана жұмыс істеп қоймай, Жаңаөзен қаласының ілгері дамуына үлес қосуды көздейді. Сонымен қатар қоғамдық істерден қалыс қалмай, ұлттық ғұрып пен дәстүрді насихаттау жолында үн қосуды міндет санайды. Осыған дейін бірнеше рет өткізілген «Асық PARTY» ойыны да, жоғарыда айтылған «Нағыз қазақ» фото байқауы да осы бағытта өткізіліп келеді.