Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырыстарында мемлекеттік органдардың басшылары есеп беріп отырады.
Әдеп жөніндегі кеңестің жоспарына сәйкес Мұнайлы ауданының әкімі Р. Елтизаров 2020 жыл және 2021 жылдың 6 айының қорытындылары бойынша Мұнайлы ауданы әкімі аппаратында және оған қарасты дербес мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамаларының және әдеп кодексі талаптарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің «Парасаттылық мәдениетін ілгерілету» бойынша 2021 жылға арналған кешенді жоспарының орындалысы жөнінде есебін берді.
Кеңесте Мұнайлы ауданы әкімінің есебі назарға алына отырып, аталған бағыттар бойынша келесідей ұсынысар берілді.
Нақты айтқанда, Кеңес мүшелері жоғарыда аталып өткен заңнамалардың талаптарының сақталуы бойынша туындаған мәселелерді жою, болдырмау және оның алдын алу бағытында нақты қажетті шаралар қабылдап, қатаң бақылауға алу жөнінде Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы атына ұсыныс жолдау туралы шешім етті.
Бұдан басқа, Мұнайлы ауданының әкімінің атына бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында нақты әр сала бойынша кешенді жоспар жасақтап, оның орындалысын ұдайы бақылауға алуды ұйғарды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі мен Мұнайлы аудандық әдеп жөніндегі уәкілдің функциясы жүктелген тұлғаға Мұнайлы ауданындағы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің арасында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларының және Әдеп кодексі талаптарының сақталуы бойынша өз құзыреттері шегінде жұмыстарды күшейтіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Күн тәртібіне сәйкес облыстағы жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық құрылымдық бөлімшелердің тәртіптік комиссияларының 2021 жыл 1 жартыжылдық қорытындысы бойынша жұмысына талдау нәтижесі қаралды.
Әдеп кеңесінің мүшелері талдау қорытындыларымен таныса келе, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, заңбұзушылықтардың жиі орын алатын салаларын анықтап, сол саланың мамандарын қатыстыра отырып, қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік жазалар қолдану барысында қолданыстағы Қағида талаптарын қатаң сақтау, қызметшілердің құқықтарын бұзу деректері анықталған жағдайда оларды қалпына келтіру және бұзушылықты алдағы уақытта болдырмау бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізу жөнінде шешім қабылдады.
Кеңес отырысын қорытындылай келе Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов кеңес отырыстарында тек қана тәртіптік істер ғана емес, сонымен бірге заңбұзушылықтардың алдын алуға, яғни профилактикалық шараларға да баса мән берілетіндігін баса айтты.