Ақтаудағы жоғары шағынауданда екі 1 200 орындық жаңа білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Эльдар Машырықов мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, білім беру мектептері 18 және 31а шағынауданында орналасқан. Құрылыс жұмыстары жыл басында басталған. Қазір мектептің іргетасы қаланып жатыр.
« Үшқабатты ғимаратта оқу сыныптары, асхана, кітапхана, медициналық пункт, спортзал, акт залы, мұғалімдер бөлмесі, өндірістік шеберханалар, демалыс орындары мен киім ілетін орын қарастырылған. Бұдан бөлек оқу бағдарламасына қажетті жабдықтармен қамтылады. Жоспар бойынша мектеп құрылысы 2022 жылы аяқталуы тиіс», - деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Эльдар Машырықов.
Эльдар Машырықовтың айтуынша, одан өзге 32а шағынауданындағы №29 орта мектепке 300 орынға арналған қосымша нысанның құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жыл соңында аяқталмақ.
«Сондай-ақ, 16 және 19 шағынаудандарда жаңа мектептердің жобасы жасақталуда. Осылайша, Ақтауда заманға сай оқу ордасының саны артып, балалардың сапалы білім алуына мол мүмкіндік жасалады», - деді ол.