Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуевпен облыстағы эпидемиологиялық ахуал мен карантин шектеулері туралы сұхбаттасқан болатынбыз.
– Ғазиз Дүйсенбекұлы, қазір Маңғыстау өңірінде эпидахуал қалай?
– Шілде, тамыз айларымен салыстырғанда ауру көрсеткішінің төмендегені байқалады. Тамыз айында бір тәулікте 280-290 ауру тіркелген болса, бүгінгі таңда ауру саны 200-ден төмен түсті. Бұл облыстың эпидемиологиялық ахуалы жақсарып келе жатыр деген сөз, бірақ жағдай әлі тұрақтанған жоқ. Өзіңізге мәлім, облыста вакциналау көрсеткіші төмен. Бүгінгі таңда республика бойынша ең соңғы орында тұр. Маңғыстау облысы екпе алу көрсеткіші бойынша енді 40 пайыздан асты, ал басқа аймақ 70-80 пайызға жеткен. Оның үстіне ауыр халде жатқан науқастар мен өлім-жітімнің көбеюі кері әсер беріп отыр. Сондықтан әлі ұжымдық иммунитет толық қалыптаспады.
– Қазір карантин талаптары жеңілдетілді, алайда көптің көкейінде бір ғана сұрақ. Карантин шектеулері қашан түбегейлі жойылады?
– Бүгінгі таңда карантин талаптарын жеңілдету шараларын республикалық ведомствааралық комиссия шешімімен тек қана республикалық бас санитар дәрігер қабылдайды. Облыс көлемінде әкімдікте жедел штаб отырысында және мемлекеттік бас санитарлық дәрігерге карантиндік шараларды күшейтуге мүмкіндік берілген. Қазіргі таңда жеңілдету шаралары тек «Ашық» жүйесіне енгізілген кәсіпкерлік нысандарға беріліп отыр. Кәсіпкерлік нысандардың жұмыс барысын облыстағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен әкімдік қызметкерлері қадағалап отырады.
– Соңғы шыққан қаулыда сенбі, жексенбі күндері кәсіпкерлік нысандарға тек «жасыл статусы» бар адамдар ғана кіре алады делінген. Ал бұл жағдайда вакцина алуға қарсы көрсетілімі бар тұрғындар не істеу керек?
– Рас. Халық жұмыс күндері азық-түлік, сауда нысандарына, темір жол, әуежайда, басқа да қоғамдық орындарда статусына қарамастан жүре беруге болады. Ал демалыс күндері белгілі бір қызметті вакцина алған адамдар мен коронавируспен ауырғанына 3 ай толмаған тұрғындар ала алады. Мұндай шешім тұрғындардың вакциналауға деген көзқарасты өзгертуге, қоғамдық орында емін-еркін жүруі үшін екпе алуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Негізінде бұл тұрғыдан ешқандай түсініспеушілік туындап жатқан жоқ.
Вакцина алуға қарсы көрсетілімі бар адамдар сенбі, жексенбі күндері тіркелген емханасынан берілген құжат арқылы кез келген кәсіпкерлік нысанға кіруге құқығы бар. Оларға ешкім ешқандай кедергі қоя алмайды.
– Әлі де ел арасында вакцинаға деген сенімсіздік пен күдік басым. Сіздің ойыңызша, мұны қалай жеңуге болады?
– Бүгінгі таңда вакцина адамдарды чиптеп, зиян тигізеді деген сынды елді дүрліктіріп жүрген әңгіме көп. Мәселен, дамыған мемлекеттер өз халқына қастандық жасайды деп ойламаймын. Рас, қазір бәрінің ойында «Вакцинаны неге жылдам шығарды?» деген сауал тұрғаны анық. Алайда көрші Ресей мемлекетінде ғылыми институттар көп. Вакцина, одан басқа да ғылыми зерттеу жүргізуде белсенді. Ғалымдар осы ретте аурудың алдын алып, вирусты тоқтату үшін еңбек етіп жатыр. Әрине, вакцина адамды 100 пайыз емдемейді. Тіпті, дәріханадан алатын дәрі-дәрмектің өзі сізге 100 пайыз кепілдік бермейді. Бірақ вакцина пандемия жағдайында ұжымдық иммунитет қалыптастыруға, сол арқылы ауруға қарсы тұруға мүмкіндік беретін жалғыз жол. Сіз вакцина алған соң ауырып қалуыңыз да мүмкін. Алайда бұл вакцина зиян дегенді білдіртпейді, керісінше ауруға қарсы тұру көрсеткіші бар екенін айқындап береді. Қазір провизорлық стационарларда жатқан немесе қайтыс болған науқастардың көбі вакцина алмаған. Соның салдарынан ауруға қарсы тұра алмай жатыр. Сондықтан біздің мақсатымыз – дер кезінде тұрғындардың вакцина алуына жағдай жасап, аурудың, өлім-жітімнің алдын алу.
– Ғазиз Дүйсенбекұлы, өзіңіз басқаратын департаменттің жұмыс барысын айтсаңыз? Тәуелсіздік жылдарында қандай жетістіктерге жетті? Шешімі табылмай келе жатқан қандай мәселе бар?
– Қазір біздің департаментте 200-ден аса адам қызмет етеді. Оның 60-70 пайызы – жас маман. Көбісі декреттік демалыста. Сондықтан бүгінгі таңда мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Айта кететін бір жайт, бұрын біз санитарлық-гигиеналық факультетті бітірсек, кейін бұл факультеттер жабылып қалды. Қазір мемлекет қабылдаған шешімге сәйкес нағыз эпидемиолог-дәрігер мамандығын бітірген жастар 4-5 жылдықта жұмысқа келуі мүмкін деп отырмын. Оның үстіне 8 жылдың ішінде біздің департаментте тұрақтылық болмады, әртүрлі қызметті қоса атқарды. Соның салдарынан қажетті мамандарымыздан айырылып қалдық.
Өзіңіз білесіз, соңғы он жылда облыста халық саны өсті. Қазір 3 қызметкермен жұмыс істеп отырған аудандар да бар. Соған қарамастан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері күн-түн демей, алдыңғы шепте қызмет етіп келе жатыр. Коронавирус індетімен күресіп жүргенімізге бір жарым жыл болды. Осындай қиын уақытта мамандар 24 сағат бойы өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүр.
– Пандемияға дейін департамент жұмысына аса назар аударылмаған сияқты...
– Пандемияға дейін де департаменттің атқарып отырған қызметі зор. Басқа да індеттер мен бақылау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. Қазірдің өзінде ол жұмыстар жалғасып жатыр. Әрине, Covid-19 салдарынан байқалмай жатқан шығар. Екпе күнтізбесіне сай жақында обаға қарсы вакцина салынды. Енді 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе салуды жоспарлап отырмыз. Не дегенмен, коронавируспен күресеміз деп басқа індетке жол беріп алуға құқығымыз жоқ. Сондықтан жұмыстың барлығы жүйелі жүргізілуде.
– Ғазиз Дүйсенбекұлы, уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА