Маңғыстаулық дәстүрлі әнші, термеші Нұрым Асқанов «Амангелді-ақтаңгер, ән дүлдүлі» аймақтық-республикалық дәстүрлі әншілер байқауында бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өнер додасы Бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллиннің 70 жылдығына арналған. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында өткен жарысқа Маңғыстау, Атырау облыстары, Орал қаласы мен Бәйтерек, Сырым, Қаратөбе аудандарынан 10 қатысушы келді.
Қазылар алқасының қатарында ҚР мәдениет қайраткерлері, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, әнші-сазгер, термешілер мен Халықаралық фестивалдердің лауреаттары болды.
Байқау қорытындысына сәйкес, бас жүлде Маңғыстау өңірінен келген Нұрым Асқановқа берілді.