Ақтауда өткен аймақтық айтысқа 12 ақын қатысып, бас жүлдені бейнеулік Нұрсұлтан Оңғарбаев алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айтыс "Қайыртпай кеткен Қашаған" деп аталып, Қашаған Күржіманұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылды.
І-орынды Батыс Қазақстан облысынан келген ақын Мұрадым Мирланов иеленді. ІІ-орынды қарақиялық Азамат Орынбасаров пен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев алды, ІІІ-орын мұнайлылық Зейнетолла Қосымбаев пен айтыстағы ең жас ақын Ерсұлтан Аушановқа бұйырды.
5 сағатқа созылған сөз бәйгесіне ақын Рахат Қосбармақов, Анар Шамшадинова, Гүләйім Дәуітбай, республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегерлері Фархад Мусаев пен Алтынбек Сүйінбекұлы қазылық етті.
- Ақындар бірінен-бірі асады. Шынын айтқанда кімге қандай баға берерімізді білмей ойланып қалған кезіміз де болды, - деді қазылар алқасының мүшесі, ақын Анар Шамшадинова.
- 2015 жылы «Жыр жебе» деген мектеп ашылып, алғашында Нұрлан Мұсаев басқарды. Кейін Фархад Мұсаев қолына алып, осы күнге дейін айтыскер ақындарды баптап келеді. Өңірдің ақындары биік самғағаны – екеуінің еңбегінің жемісі. Бүгінгі айтысты көріп қатты қуанып отырмыз. «Алтын домбыра» сияқты жүлделерді біздің өңірге алып келулеріңізге тілектеспіз!, - деді Ақтау қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Досов.