Маңғыстау облысында Жастар саясаты мәселелерімен айналысатын басқарма ашылуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жастар кеңесі отырысында айтып, орынбасары Гүлмира Қалмұратоваға тапсырма берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен жастар кеңесі отырысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов жыл бойына атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар жастар арасындағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті.
«Жастар арасындағы мәселенің бірі – құқықбұзушылық және өз-өзіне қол жұмсау. Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, 2021 жылы 820 құқықбұзушылық тіркелген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 952 болған, яғни 13,9 пайызға төмендеген. Биыл 23 жас суицид жасаған. 2020 жылы 16 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Өкінішке қарай, өңірде суицид дерегі 43,8 пайызға артып отыр», - деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов.
Сондай-ақ ол Жастар ресурстық орталығына бөлінетін қаржының аз екенін айтты. Бұл өз кезегінде қалалар мен аудандарда жастар саясатын ұйымдастыруға жетпейді. Одан бөлек жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін де тілге тиек етті. Айтуынша, «Отбасы банк» АҚ бірлескен арнайы бағдарлама дайындау қажет.
Кеңес отырысы барысында жастар тарапынан ұсыныс айтылып, пікірлер талқыланды. Мәселен, Жаңаөзен қаласы жастар орталығын салу, айтыс өнерін қайта жаңғырту, жұмыссыздық, суицидпен күрес жолындағы жоспарлар нақтыланды.
Шара соңында қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, жанашырлықпен аянбай еңбек еткен маңғыстаулық бірқатар ерікті «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Сонымен қатар өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосып, сантүрлі саланың тізгінін ұстаған жастарға облыстық «Жас тұлпар» жастар премиясы табысталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ